
Биыл Қазақстан мәдениет саласындағы инфрақұрылымды нығайтып, шығармашылық мүмкіндіктерді арттырып, мәдениет қызметкерлерін қолдауды күшейтті.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда өңірлік театрларды дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Осыған байланысты Астана қаласында «Жастар» театры ғимаратын жөндеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қуыршақ театрына жаңа ғимарат салу мәселесі қарастырылуда.
Алдағы жылдары Семей, Қонаев және Ақтөбе қалаларында жаңа драма театрлары бой көтермек.
Сонымен қатар Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Саладағы маңызды бағыттардың бірі – инфрақұрылымды жаңарту. Биыл Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің бас корпусы қайта жаңарды. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына арналған жаңа жатақхана құрылысы басталды. Бұдан бөлек, ірі қалаларда үш жаңа өнер мектебінің инфрақұрылымын жаңарту мәселесі пысықталуда.
Айта кетейік, 2025 жылы барлығы 61 мәдени нысан салынды. Өңірлерде 251 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ елорда тарихын зерттеудің маңызды орталығына айналатын «Бозоқ» археологиялық паркін құру жұмыстары жалғасып жатыр.
Министрлік мәдениет қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуге ерекше мән береді. Азаматтық қызметкерлердің кей санаттары бойынша жалақы кезең-кезеңімен көбейтіледі. 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет және архив ұйымдарында жұмыс істейтін 64 мың қызметкердің жалақысы жыл сайын 20% артты. Мемлекет өнер саласында қызмет ететін мамандарды стипендиялар мен марапаттар арқылы қолдап келеді. Жыл басында 75 мәдениет қызметкері мемлекеттік стипендияға ие болды. Президент Жарлығына сәйкес бірқатар азамат Қазақстан мәдениетін дамыту мен насихаттауға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Солардың қатарында елімізді әлемге танытып жүрген опера әншісі Мария Мудряк бар. 2025 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
«Мен үшін өз Отаным – Қазақстанның марапатқа лайық санағаны – үлкен құрмет. Президентімізге алғыс білдіремін. Биыл шығармашылығыма 28 жыл толды. Мен Қазақстанды әлемнің ең ірі опера сахналарында зор мақтанышпен таныстырып, алдағы уақытта да ел игілігі үшін аянбай қызмет етемін», – деді әнші.
Осы өзгерістерден бөлек бірқатар жетекші мәдениет мекемелеріне «Академиялық» мәртебесі берілді. Атап айтсақ, Талдықорған қаласындағы Б. Римова атындағы драма театры, Алматы мемлекеттік қуыршақ театры, Жамбыл облыстық А. Тоқпанов атындағы қазақ драма театры, Батыс Қазақстан облыстық Ғ. Құрманғалиев атындағы филармониясының мәртебесі өзгерді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі