
Қазақстан азаматтарының 95%-дан астамы елдегі этносаралық қатынастардың ахуалын тұрақты әрі қолайлы деп санайды. Бұл – 2025 жылғы әлеуметтік сауалнама нәтижесі ғана емес, сонымен қатар қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық қатынастарды дамытуға және осы бағыттағы мемлекеттік саясатқа деген сенімді арттыруға негізделген жүйелі жұмыстың жемісі.
Бүгінде Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілдері бейбітшілік пен өзара келісім жағдайында өмір сүріп, тең мүмкіндіктер мен орнықты дамуға негізделген Әділетті Қазақстанды құру жолында бір мақсатқа бірігіп отыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын кең көлемде атап өту – дұрыс бағытта жүргізіліп жатқан саясаттың тағы бір дәлелі. Мерейтой аясында 3 миллионнан астам адам қатысқан 10 мыңнан аса әлеуметтік маңызы бар іс-шара өткізілді.
Бұл жыл тек маңызды оқиғалармен ғана емес, игі істермен де есте қалды. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жомарт жан» орталығының меценаттары 35 мың қазақстандыққа жалпы сомасы 305 миллион теңге көлемінде көмек көрсетті.
Этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын тиімді жүйе қалыптасты, ол орталық деңгейден бастап өңірлік ассамблеяларға дейінгі барлық құрылымдарды қамтиды.
Этносаралық қатынастардың жағдайын талдау және нақты ұсыныстар беру мақсатында өңірлерде тұрақты зерттеулер жүргізіліп, мониторингтік іссапарлар ұйымдастырылуда.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында 1000-нан астам этномәдени бірлестік пен 4000 қоғамдық құрылым біріктірілген, олардың жұмысына 50 мыңнан астам адам қатысуда. Азаматтарды қоғамдық өмірге жұмылдыратын «Ақсақалдар кеңесі» мен «Аналар кеңесі» жұмыс істейді, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды нығайтуға және жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне бағытталған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Адал азамат», «Салауатты сана» жобалары жүзеге асырылуда.
2025 жылы алғаш рет Алматы, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарында аудандық ассамблеялар құрылды.
«Ассамблея жастары» жастар қанатында 10 мыңнан астам жас бар. Олар мәдениетаралық диалогты дамытуға арналған бастамаларды жүзеге асырады. Атап айтсақ, «Жаңа толқын», «АНК жетекшілер мектебі» және «50 жас көшбасшы» жобалары бар. Еліміздегі жоғары оқу орындарында этнос өкілдерін біріктіретін Студенттік Ассамблея жұмыс істейді, ол этносаралық келісімді және азаматтық бірегейлікті насихаттауға, сондай-ақ жергілікті жерде волонтерлік қызмет пен этномедиацияны дамытуға үлес қосады.
Өңірлерде 32 Достық үйі жұмыс істейді, ал 2025 жылы Қызылорда, Атырау және Абай облыстарында жаңа нысандардың құрылысы басталды.
Ғылым мен білімді дамыту, сондай-ақ зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жоғары оқу орындарында Ассамблеяның 42 кафедрасы бар. Ғылыми-эксперттік кеңес және Жас ғалымдар клубы жұмыс істейді. Онда 360 сарапшы қызмет етеді.
Елімізде этножурналистика саласы да қарқынды дамып келеді. Қазақстанда 11 тілде шығатын 50-ден астам этникалық газет пен журнал басылады. 14 университетте «Этносаяси сауаттылық» пәні енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер клубында жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының 500-ге жуық өкілі бар.
Ассамблеяның шығармашылық ұжымдары Ассоциациясы құрылды, оған 170-тен астам ансамбль кірді. Мәдени іс-шаралар күнтізбесі жүзеге асырылып, төрт этникалық театр жұмыс істеуде.
Қазақстанның этносаралық келісім үлгісі халықаралық деңгейде танылды. Ассамблея жанынан халық дипломатиясы орталығы мен Достық елшілері корпусы жұмыс істейді, олар Қазақстанның бейбітшілік моделін шет елдерге таныстыруда. «Ассамблея жастары» ұйымы ЮНЕСКО мен Еуропа Кеңесінің халықаралық жастар құрылымдарына кіріп, өз бастамаларын Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде таныстырды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі