
Қазақстан архивтері елдің мәдени-тарихи мұрасын сақтауда маңызды рөл атқарады. Бүгінде елімізде 236 мемлекеттік архив жұмыс істейді, онда жалпы көлемі 27,8 миллион сақтау бірлігін бар 74 725 қор сақтаулы. 3 миллионнан астам іс электронды форматқа көшірілді. Бұл зерттеушілер мен қолданушылар үшін архив материалдарын едәуір қолжетімді етті.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі архивтерде, музейлерде және кітапханаларда сақталған тарихи құжаттық материалдарды біріктіретін «Ұлттық цифрлық архив» порталының жол картасын бекітті. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026 жылдың желтоқсаны.
Президенттің тапсырмасына сәйкес Орталық мемлекеттік архив үшін 700 мың сақтау бірлігіне арналған жаңа қойма салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама оң қорытынды жасады.
Сондай-ақ жаңа архив ғимараттарын салу жобалары әзірленіп жатыр. Елдің жеті өңірінде осы мақсатқа арналған жер телімдері бөлінді. Жамбыл облысында аудандық архивтерге арналған заманауи талаптарға сай жабдықталған екі жаңа ғимарат салынды. Қызылорда облысында «Руханият орталығы» атты жаңа ғимараттар бой көтеріп, оған жеті ауданның мемлекеттік архивтері көшірілді.
Архив саласы қызметкерлерінің кәсіби деңгейі артып келеді. Соңғы үш жылда мемлекеттік білім беру гранттарының саны айтарлықтай артты. 2023 жылға дейін «Кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және архив ісі» бағдарламасы бойынша 20-ға жуық грант бөлінсе, 2024–2025 оқу жылында олардың саны 122-ге жетті. Ал магистратура және PhD бағдарламалары бойынша 30-дан астам маман даярланып жатыр.
Архив қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселесі де тыс қалмады. Биылдың өзінде 265 қызметкер оқытудан өтті. Бұл шаралар еңбек жағдайын жақсартумен қатар жүргізілді, нәтижесінде 2025 жылы архив саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 29% артты.
Қазақстандық архивистер Орталық Азия елдері, Ресей, Беларусь, Қытай, Германия және басқа да мемлекеттердің әріптестерімен тәжірибе алмасып келеді.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейтуге «Архив – 2025» жобасы ықпал етті. Ғылыми экспедициялар барысында мамандар Германия, Польша, Франция, Түркия, Үндістан, Иран, Мысыр және Орталық Азия елдерін қоса алғанда, 14-тен астам мемлекеттің архивтері, кітапханалары мен ғылыми мекемелерінің қорларын зерттеді. Нәтижесінде Қазақстан тарихына қатысты 7 мыңнан астам құнды құжат жиналып, олар ғылыми айналымға кезең-кезеңімен енгізілуде.
Қазақстандықтардың ерлігін ұлықтау да саланың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлардың ерлігін еске алу мақсатында «Батырларға тағзым» атты веб-портал ашылды.
Бұл порталға 690 мыңнан астам майдангер туралы мәлімет енгізілген. Сайтта 365 Кеңес Одағының Батыры, екі мәрте Батыр атағын алған төрт жауынгер және 19 Даңқ орденінің иегері туралы деректер ұсынылған. Бұл портал тарихты болашақ ұрпақ үшін сақтап, отандастарымыздың батырлығы мен ерлігі туралы мол ақпарат береді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі