Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуына 23 мыңнан астам ҮЕҰ үлес қосуда

Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуына 23 мыңнан астам ҮЕҰ үлес қосуда

Қазіргі кезде Қазақстанда азаматтық қоғам жүйелі түрде жетіліп, қоғамдық институттар нығайып келеді. Қазақстанның XII Азаматтық форумының пленарлық отырысында Мемлекет басшысының құттықтау хаты оқылды. Онда осы жұмысты жалғастырудың маңызы айтылды.

«Мемлекет азаматтық қоғамды дамытуға ерекше мән береді. Соңғы бес жылда әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаражат шамамен екі есе артты. Бұл қаражат игі бастамаларды жүзеге асыруға, мұқтаж жандар мен жастарды қолдауға бағытталады. Ортақ мүдде үшін жасалатын тиімді серіктестік алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді Президент.

Аталмыш бағыттар азаматтық сектордың дамуында айқын байқалады. Қазіргі кезде елде 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген, олардың 18 мыңнан астамы әлеуметтік маңызы бар бастамаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді.

2025 жылдың айтулы оқиғаларының бірі – азаматтық сектормен бірлесіп өткізген ауқымды диалог алаңдары. Ең негізгісі Қазақстанның XII Азаматтық форумы болды. Оған 1 000-нан астам ҮЕҰ өкілі қатысты. Бұл іс-шараға дейін 20 өңірлік форум және министрліктермен 14 салалық кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде 400 ұсыныс әзірленіп, іс-қимыл жоспарына енді.

Сонымен қатар, мемлекеттік және үкіметтік емес сектор арасындағы серіктестікті дамыту бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізілді. Жыл ішінде Республикалық Қоғамдық кеңестер мәжілісі, Халықаралық ҮЕҰ конференциясы және Қайырымдылық форумы өткізілді.

2025 жылы 73 үкіметтік емес ұйым ҮЕҰ сыйлығының лауреаты атанса, 12 ұйымға «Таңдау» сыйлығы табысталды. Ал 33 қайырымдылық қоры мен бірлестігі қайырымдылық саласындағы марапатқа ие болды.

Сондай-ақ 1 000-ға жуық ҮЕҰ жобалық басқару форматында әлеуметтік бастамаларды іске асырды. Ел бойынша 2025 жылы жалпы 2 292 жоба жасалды. Оның ішінде 2 185 жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында, 102 жоба гранттық қаржыландыру бойынша және 5 жоба стратегиялық серіктестік аясында іске асты. Үшінші секторды қолдау мақсатында 40-тан астам ресурс орталықтары қызмет етеді. Олар облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейде жұмыс істейді.

Секторды дамытудың басты бағыты қоғамдық кеңестер институтын нығайту болды. Қазір елде 264 кеңес бар, онда шамамен 4 000 азамат қызмет етеді. Азаматтық қоғамның өкілдігі 86%-ға жетіп, қоғамның шешім қабылдау процестеріне белсене қатысатынын көрсетті. Қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттыру мақсатында 3 000 жаңа өкілге арналған оқу семинарлары өткізілді. Бұл шара қоғамдық мониторингтерге қатысып, ашықтық пен тиімділіктің артуына ықпал етті.

Азаматтық қоғамдағы жүйелі өзгерістер нормативтік-құқықтық базаның жетілуіне тікелей байланысты. ҮЕҰ туралы заң жобасы қолға алынды, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс механизмін жетілдіру және қайырымдылық саласындағы заңнаманы жақсарту бойынша ұсыныстар дайындалды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі