
Елімізде кітап индустриясын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазақстандықтар 2025 жылғы 23 сәуірде Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күнін алғаш рет атап өтті.
Атаулы күнге арналған құттықтауында Президент: «Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады», – деп атап өткен болатын.
Осыған орай, тұңғыш рет жылдың басты мәдени оқиғаларының бірі – «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ұлттық кітап күні апталығы аясында республика бойынша 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.
Жазушыларды мемлекеттік қолдау жүйесі де кезең-кезеңімен дамып келеді. Жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы және «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы табысталуда.
Сонымен қатар Жазушылар одағымен стратегиялық әріптестік аясында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Олардың қатарында «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», сондай-ақ қазақстандық қаламгерлердің ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары бар.
Атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі баспа ісінен де көрініс табуда. 2025 жылы 119 аталым әдебиет 240 500 дана жалпы таралыммен жарық көріп, еліміздегі жалпыға бірдей қолжетімді кітапханаларға таратылды.
Сондай-ақ «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек құндылығын көркем шығармалар арқылы насихаттауға бағытталған «Ерлік пен еңбек дастаны» республикалық байқауы ұйымдастырылды.
Басым бағыттардың бірі – қазақстандық әдебиетті шетелде насихаттау және халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамыту. Италия тарапының қолдауымен Рим қаласында Шоқан Уәлихановтың мұрасына арналған басылымның тұсаукесері өтті. Итальян тілінде жарық көрген кітап ағылшын тілінде де қолжетімді.
Халықаралық бастамалар аясында қазақстандық баспагерлер Бейжің, Гуанчжоу және Майндағы Франкфурт қалаларында өткен ірі халықаралық кітап көрмелеріне қатысты. Майндағы Франкфурт қаласындағы әлемдік кітап жәрмеңкесінде ұлттық павильон ұйымдастырылып, жеті тілге аударылған «Абайдың қара сөздері. Ұрпаққа ұлағат» және өзге де мерейтойлық басылымдар көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының Air Astana әуе компаниясымен ынтымақтастығы аясында жолаушыларға әуе кемелерінің бортында ұлттық аудиоконтентті тыңдау мүмкіндігі ұсынылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі