2025 жылы МАМ оқу ұйымдарының 1 500-ден астам шәкірті республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпазы атанды

2025 жылы МАМ оқу ұйымдарының 1 500-ден астам шәкірті республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпазы атанды

Мәдениет саласындағы білім беру жүйесі қарқынды дамып, айтарлықтай нәтиже көрсетті. Қазіргі кезде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің білім беру ұйымдарында 10 мыңнан астам тұлға білім алып жатыр. Оның ішінде 5 603 – ЖОО студенттері, 5 061 – мектеп пен колледж білім алушылары бар. Бұл жастардың шығармашылыққа деген қызығушылығы мен білім беру ұйымдарында маман даярлау сапасының жоғары деңгейін айғақтайды.

2025-2026 оқу жылына мәдениет саласы бойынша мамандар даярлауға 1 647 мемлекеттік грант бөлінді. Атап айтқанда, 905 грант – бакалавриат бағдарламаларына, 166 – магистратураға, 26 – докторантураға, 550 – техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасына бағытталды. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты оқу  ұйымдарының 1 500-ден астам шәкірті республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпазы атанды. Олардың қатарында Ресей Федерациясында өткен «Орфей», «Славян базары», «Солтүстік рапсодиясы», Қытай Халық Республикасындағы Grand Art Express, Eurasia Piano Forum, сондай-ақ Франция мен Қазақстанда ұйымдастырылған халықаралық скрипкашылар байқаулары бар.

Биыл Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Алмагүл Батталиева XXXIV «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде бас жүлдеге ие болды.

Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына жаңа жатақхана салу жобасы басталды.

Бұдан бөлек, жетекші құрылыс компанияларының инвесторларымен Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты үш мамандандырылған мектепке арналған жаңа оқу ғимараттарын салу туралы келісім жасалды.

Сондай-ақ сала жетістігінің бірі ретінде ұстаздардың кәсіби еңбегінің жоғары бағаланғанын атап өтуге болады. Мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарының 13 оқытушысы «Құрмет» және «Парасат» орденімен, сондай-ақ «Қазақстанның халық әртісі» атағымен марапатталды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі