
Қазақ ұлттық хореография академиясы Түркі мемлекеттері ұйымының қолдауымен жұмыс істейтін Түркі мемлекеттері университеттері одағына (TÜRKÜNİB) мүше болды.
Академияның халықаралық бірлестікке қосылуы академиялық ұтқырлықты дамытуға, білім беру және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ түркі әлемі жоғары оқу орындары арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері кеңесінің саммитінде ортақ білім беру кеңістігін қалыптастырудың және түркі елдерінің студенттері мен оқытушылары арасындағы академиялық алмасуларды қолдаудың маңызын атап өткен болатын.
TÜRKÜNİB құрамына Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Венгрияның 170-тен астам жоғары оқу орны кіреді. Одаққа Қазақстан тарапынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті және басқа да жоғары оқу орындары мүше.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі