Қазақстан Театр қайраткерлері одағы театр өнері саласындағы дәстүрлі кәсіби «Еңлікгүл – 2025» сыйлығын табыстаудың салтанатты рәсімін өткізді. Іс-шара Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ұйымдастырылды.
«Еңлікгүл» сыйлығы – еліміздің театр саласындағы ең беделді әрі мәртебелі марапаттарының бірі. Ол ұлттық театр өнерін дамытуға, қоғамның мәдени-рухани өмірін байытуға елеулі үлес қосқан әртістердің, режиссерлердің және сахна мамандарының кәсіби шеберлігін дәріптеу мақсатында тағайындалған.
Оныншы мәрте ұйымдастырылып отырған биылғы рәсімнің маңызы ерекше. «Еңлікгүл» сыйлығы Қазақстан театр қауымдастығы үшін орнықты мәдени дәстүрге және маңызды кәсіби алаңға айналғанын айқындайды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша сыйлық лауреаттары:
- «Ең үздік жыл актері» – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Шағуан Үмбетқалиевке «Гамлет. Соңғы күндер» спектакліндегі Горацио және «Ревизор» қойылымындағы Бобчинский рөлдері үшін табысталды.
- «Ең үздік жыл актрисасы» атағына Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық академиялық музыкалық-драма театрының актрисасы Залипа Тұрғанбайқызы Төлепова ие болды.
- «Ең үздік жыл режиссері» номинациясында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының режиссері Жұлдызбек Жұманбай «Қара» және «Жармақ» спектакльдері үшін марапатталды.
- «Жылдың ең үздік театр суретшісі» – Қарағанды облыстық К. Станиславский атындағы орыс драма театрының суретшісі Елена Иосифовна Кимге «Смерть Тарелкина» спектакліне жасаған жұмысы үшін берілді.
- «Театр өнеріне ұзақ жылдар сіңірген еңбегі үшін» – ҚР халық әртісі, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы Нүкетай Мышбаева марапатталды.
- «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының актрисасы Түймехан Атымтаеваға берілді.
- «Балаларға арналған спектакльдегі жылдың ең үздік шығармашылық жұмысы» – Алматы мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының «Ортеке» қойылымы. Режиссері – Григорий Лайко, театр директоры – Алмат Амангелді.
- «Жыл драматургы» – Қазыбек Аманжолға «Музарт», «№117 пәтер» және «Сайгүлік» пьесалары үшін берілді.
- «Жылдың үздік менеджері» болып Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық музыкалық-драма театрының директоры Сәкен Досқан Сәкенұлы танылды.
- «Жылдың музыкалық көркемдеушісі» номинациясында Шымкент қалалық орыс драма театрының өкілі Владимир Юрьевич Куликов марапатталды.
- «Ең үздік драмалық спектакльдер балетмейстері» атағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының хореографы Салтанат Беймішеваға «Раечка», «Сені сүйем» және «Гамлет. Соңғы күндер» спектакльдеріндегі жұмыстары үшін берілді.
- «Жылдың ең үздік спектакльді жарықпен көркемдеуші» атағына Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрының маманы Әділжан Байшашақов ие болды.
- «Жылдың ең үздік театр туралы мақаласы» номинациясында Бейбіт Әлкеева «Шыбыннан патшаға дейін» кітабы үшін марапатталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі