
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жылдық есептік кездесу өткізді. Іс-шараға мемлекеттік органдар, белсенді жастар, ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері қатысты.
Кездесу барысында «Қазақстан жастары – 2025» Ұлттық баяндамасы таныстырылды. Зерттеу жастар арасындағы урбанизация қарқынының, цифрлық құзыреттерге қызығушылықтың артуын, экономикалық мінез-құлықтың өзгеруін, сондай-ақ психологиялық әл-ауқат пен қауіпсіздік саласындағы жаңа сұраныстарды көрсетеді. 2025 жылғы басылым жеті тақырыптық блоктан тұрады. Оның ішінде екі жаңа бағыт – «Қылмыс пен қауіпсіздік» және «Мемлекеттік жастар саясаты». Бұл бағыттар жастардың өзекті әрі сезімтал сұраныстарын неғұрлым дәл ескеруге және қолдау шараларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жылдың маңызды нәтижелерінің бірі – Жастардың даму индексі. Бұл – жастар жағдайын 32 көрсеткіш бойынша бақылауға арналған аналитикалық құрал. Индексті енгізу мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға кедергі келтіретін факторларды дер кезінде анықтауға және жастардың пікірін ескере отырып, олардың жағдайын жақсарту шараларын әзірлеуге бағытталған.
Кездесуде қатысушыларға «JASTAR.AI» виртуалды кеңесші чат-боты да таныстырылды. Ол жастарға мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратқа жедел әрі қолжетімді түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл құрал цифрлық түсіндіру жұмыстарының қолжетімділігін арттыруға және жастардың мемлекеттік институттармен тиімді өзара іс-қимылына ықпал етуге арналған.
Таныстырылымнан кейін сараптамалық талдау өтті. Ұлттық баяндама авторлары өз аналитикалық материалдарын ұсынып, зерттеу нәтижелерін талқылады және жастар саясатын әрі қарай дамыту перспективаларын белгіледі.
Іс-шара соңында сарапшылар мен жастар ұйымдарының өкілдері марапатталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі