
Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті.
Отырысқа Ұлттық комиссия төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, Ұлттық комиссия мүшелері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ онлайн режимде өңірлердің әкімдіктері қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы – әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған шаралар, цифрлық экономика жағдайында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және жасанды интеллектті енгізу мәселелері.
Өз сөзінде Аида Балаева әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру – отбасы әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды факторларының бірі екенін атап өтті.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин өз баяндамасында Қазақстандағы әйелдердің іскерлік белсенділігі тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталып отырғанын жеткізді. Бүгінде шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 48%-ын әйелдер басқарады. 2025 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша елде 1 миллионнан астам әйел-кәсіпкер тіркелген.
Отырыс барысында цифрландыру мәселелеріне және әсіресе ауылдық жерлердегі әйелдердің қаржылық құралдарға қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылды. Ұлттық комиссия төрағасы жыл соңына дейін қолдау шаралары мен салық реформасына байланысты жаңа міндеттерді түсіндіру бойынша ұлттық ақпараттық кампания жүргізуді тапсырды.
Аида Балаева сондай-ақ цифрлық дағдыларды дамытуда еңбек нарығының қажеттіліктеріне және перспективалы бағыттарға басымдық бере отырып, салалық тәсіл қолданудың маңыздылығын атап өтті.
Отырыста Ұлттық комиссия мүшелері әйелдердің экономикалық дербестігін нығайтуға, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға, цифрлық сауаттылықты арттыруға және әйелдерді экономиканың жаңа секторларына тартуға бағытталған іске асырылып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.
Талқылау қорытындысы бойынша цифрлық экономика жағдайында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөнінде кешенді жоспар әзірлеу ұсынылды. Сондай-ақ электрондық коммерция және салық салу салаларындағы білім беру және онлайн бағдарламаларды дамыту, әйелдердің цифрлық құзыреттерін дамытуға арналған жобаларды мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, жоғары оқу орындары және инновациялық алаңдардың қатысуымен одан әрі кеңейту жұмыстары жалғасатын болды.
Бұдан бөлек, өңірлік комиссияларға әйелдер кәсіпкерлігінің жағдайын талдау, ауылдық бастамаларды қолдау шараларын әзірлеу және әйелдер жобаларын іске асыруға қажетті инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар берілді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі