Сарапшылар қауымдастығының қатысуымен ҮЕҰ туралы заң жобасы талқыланды

Сарапшылар қауымдастығының қатысуымен ҮЕҰ туралы заң жобасы талқыланды

ҮЕҰ заңнамасын жетілдіру – Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмаларының бірі. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» Заңын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Отырыста қатысушылар реттеу саясаты жөніндегі консультативтік құжат жобасымен танысты. Құжатта үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған түйткілді мәселелер мен заңнамалық шаралар бойынша ұсыныстар жинақталған. Сарапшылар Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген құжат жобасын қолдап, жекелеген тармақтарын ішінара толықтыру жөнінде пікір білдірді.

Сондай-ақ жұмыс тобының мүшелері реттеушілік әсері бар заң жобалары бойынша сараптамалық талдауға ҮЕҰ басшыларының қатысу мәселесін пысықтауды ұсынды.

Отырыста барлық ҮЕҰ үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, ықтимал тәуекелдерді жан-жақты қамту, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты арқылы цифрландыру процесін ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жиын қорытындысы бойынша барлық ұсыныстар мен ескертулер жаңартылған редакцияны әзірлеу барысында қаралып, ескерілетін болады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі