ЮНЕСКО техникалық грантын жүзеге асыру бойынша алғашқы ұлттық дөңгелек үстел өтті

ЮНЕСКО техникалық грантын жүзеге асыру бойынша алғашқы ұлттық дөңгелек үстел өтті

Астанада ЮНЕСКО-ның техникалық грантын жүзеге асыруға арналған алғашқы ұлттық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының өкілдері, материалдық емес мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитет мүшелері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ ғалымдар қатысты. Онлайн форматта ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес мұра» бағдарламасы менеджменті бөлімінің жетекшісі Джованни Сцепи және өзге сарапшылар қосылды.

Кездесуде ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитеті 2024 жылы Қазақстанға бөлген техникалық гранттың орындалу барысы қаралды.

Қазіргі таңда грант пилоттық түрде еліміздің бес өңірінде: Жетісу, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарында жүзеге асырылуда. Осы өңірлерде гранттың орындалуын бақылап, үдерісті тұрақты түрде қадағалап отыратын арнайы жұмыс топтары құрылған.

Өңірлерге қазақтың ұмыт бола бастаған дәстүрлі мәдени мұра элементтерін қайта жандандырып, оларды қазіргі заманға сай тәсілдермен, әсіресе цифрлық медиа арқылы кеңінен таныту міндеті жүктелген.

Облыс өкілдері атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелерін таныстырды. Бірінші кезең бойынша материалдық емес мұраның ұлттық тізіміне қосуға 40-қа жуық жаңа элемент ұсынылған. Олардың қатарында «Кербез қыз» дәстүрі, «Бестемше» ойыны, етікшілік пен диірменшілік өнері, «Қалқаман – Мамыр» поэмасын орындау дәстүрі және басқа да мәдени мұра үлгілері бар. Жұмыс әрі қарай жалғасуда.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі