
Бүгін «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау жөніндегі конкурстық комиссияның қорытынды отырысы өтті.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жастарға жан-жақты қолдау көрсету Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік саясаттағы басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – дарынды жастарды анықтауға бағытталған Президент бастамаларының бірі.
Комиссия құрамына Парламент депутаттары, көрнекті ғалымдар, мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткерлері, медиа-сарапшылар және бизнес өкілдері кірді. Аида Балаева комиссия әділ шешім қабылдағанына сенім білдірді.
Комиссия қорытындысы нәтижесінде 6 бағыт бойынша ең жоғары балл жинаған 30 жоба іріктелді.
Жеңімпаздарға жобаларын жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан 3 миллион теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетіледі.
Айта кетейік, биыл барлығы 1700 өтінім түсті. Оның ішінде 1622 өтінім қабылданды. Атап айтқанда, «Бизнес» бағыты бойынша – 796, «Ғылым» бағыты – 138, «Мәдениет» бағыты – 152, «Ақпараттық технология» бағыты бойынша – 211, «Медиа» бағыты – 154, «Волонтерлік» бағыты бойынша – 171 өтінім.
Отырыс хаттамасының жобасы https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/documents/details/933074?lang=kk
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі