Астанада «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы мен «Игі істер марафонының» 70 лауреаты марапатталды

Астанада «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы мен «Игі істер марафонының» 70 лауреаты марапатталды

Астанада «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын табыстау рәсімі өтіп, «Игі істер марафоны» республикалық жобасы қорытындыланды.

Іс-шара Халықаралық волонтерлер күні аясында және Тұрақты даму мақсаттарындағы Халықаралық волонтерлер жылының ресми басталуы қарсаңында ұйымдастырылды. Аталған жылды жариялау бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Жылдың ресми ашылуы БҰҰ-ның Нью-Йорктегі Штаб-пәтерінде өтеді.

Айта кетейік, «Жыл волонтері» сыйлығы Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жылдан бері жыл сайын тапсырылып келеді. Осы уақытқа дейін 297 волонтёр лауреат атанды.

2025 жылы сыйлықтың лауреаттары атанған 46 қазақстандық волонтермен қатар, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Түркиядан келген 4 волонтер марапатталды. Олардың барлығы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге, волонтерлікті дамытуға және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жобалары мен бастамаларының нәтижелерін ұсынды.

Сонымен қатар бүгін «Игі істер марафоны» республикалық жобасының қорытындылары жарияланды. Марафон барысында қазақстандықтар 9 мыңнан астам игі іс атқарды. Байқау нәтижесінде ең жоғары белсенділік танытқан 20 жеңімпаз анықталды. Жалпы, жобаға 40 мыңға жуық қазақстандық қатысты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі