
Құжат мәдениет саласын жетілдіруге, кітапханаларды дамытуға және ономастикалық стандарттарды нығайтуға бағытталған нормаларды қамтиды.
Заңның негізгі бағыттарының бірі – концерттік мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу кезінде дауысты (вокалдық) фонограммаларды пайдалану тәртібін жаңарту. Бұған дейін қолданыста болған норма фонограмманы қолдану туралы тек хабарлауды талап еткендіктен, бұл жеткілікті ашықтықты қамтамасыз етпей, концерттік бағдарламалардың сапасын арттыруға мүмкіндік бермеген еді.
Жаңа заң кәсіби сахналанған алаңдарда дауыс фонограммаларын пайдалануға толық тыйым салады. Бұл орындаушылық өнердің жаңа стандартын қалыптастырып, көрермендердің сенімін арттыруға ықпал етеді.
Тыйым демалу, тамақтану және көңіл көтеру бағытында қызмет көрсететін ойын-сауық орындарында эстрада орындаушыларының қатысуымен өткізілетін концерттік іс-шараларға қолданылмайды. Мұндай орындарда ұйымдастырылатын концерттік іс-шаралар халықтың музыкалық-эстетикалық тәрбиесіне, оның рухани және эстетикалық сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған іс-шаралар болып табылмайды.
Түзетулердің елеулі бөлігі кітапхана саласына қатысты. Заң жергілікті атқарушы органдардың мәдениет ұйымдары мен білім беру мекемелеріндегі кітапхана қорларын дамыту және сақтау жөніндегі өкілеттіктерін кеңейтеді. Қазіргі таңда ел аумағында шамамен 4000 мемлекеттік және 9000-ға жуық мектеп кітапханасы жұмыс істейді. Енгізілген норма облыстар, аудандар және облыстық маңызы бар қалалар деңгейінде кітапхана қорларын сақтау мен толықтырудың бірыңғай тәсілін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл заманауи кітапхана инфрақұрылымын дамытуға, ресурстарды тұрақты жаңартуға және қоғамдық маңызы бар әдебиеттердің таралымын арттыруға жол ашады.
Мемлекеттік кітапханаларға жаппай, білім беру, іскерлік және бос уақытты ұйымдастыруға арналған іс-шараларды өткізу үшін үй-жайлар ұсыну құқығы бекітілді. Мұндай қызметтен түсетін кіріс тікелей кітапханалардың өздеріне қалады. Бұл ағымдағы мәселелерді жедел шешуге, инфрақұрылымды нығайтуға және көрсетілетін қызметтер аясын кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді. Осылайша кітапханалар көпфункционалды қоғамдық кеңістіктерге айналады.
Ономастикалық жұмысты ретке келтіру бағыты жеке білім беру ұйымдарына атау беру тәртібін айқындайтын нормалардан көрініс тапқан. Бірқатар өңірлерде білім беру нысандарына көпшілікке беймәлім немесе әлі де өмірде бар тұлғалардың есімдерін беру, сондай-ақ орфографиялық нормаларды сақтамау және есімдерді қате жазу фактілері тіркелген. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін атау беру (егер атауда жеке тұлғаның есімі болса) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ономастикалық комиссияларымен міндетті түрде келісу тәртібі енгізілді. Бұл тіл саясатының сақталуын, атаулардың дұрыс жазылуын қамтамасыз етеді және стандарттарға сай келмейтін, қоғамдық резонанс тудыруы мүмкін атаулардың пайда болуына жол бермейді.
Қабылданған заң мәдениет саласындағы нормативтік базаны күшейтеді, кітапхана ісінің заманауи стандарттарын қалыптастырады, вокалдық фонограммаларды қолдану тәртібін реттейді және ономастикалық тетіктерді нығайтады. Құжат көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және елдің мәдени ортасын жаңғыртуға бағытталған.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі