
Алматыда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би тетары «Золушка» балетінің жаңа премьерасын ұсынды. Қойылым хореографы – петерборлық балетмейстер, А.В. Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлегі Екатерина Волкова.
Премьера көрсетілімдері Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының, сондай-ақ «Almaty Theatre» сахнасында өтті. Классикалық қойылым көп жылдан кейін қайта оралып, көрерменге әлемге әйгілі ертегінің жаңа интерпретациясын ұсынды.
Биыл Шарль Перро ертегісінің желісі бойынша, Сергей Прокофьевтің музыкасына қойылған «Золушка» балетінің «Большой театр» сахнасындағы алғашқы көрсетіліміне 80 жыл толып отыр.
Қойылымда Қазақстанның жетекші әртістерімен бірге шетелдік шақырылған солистер де өнер көрсетті. Солардың бірі – Жапониядан келген балет әртісі Минами Ватанабэ. Ол театрдың кәсіби деңгейін, педагогтардың жоғары шеберлігін және шығармашылық ортаның ынтымақшыл әрі жылы атмосферасын ерекше атап өтті. Премьераның бірінші күнінде Золушка партиясын Минами Ватанабэ, ал екінші күнінде Сымбат Мақсұт орындады.
«Золушка» балетінің жаңа нұсқасы классикалық мұра мен заманауи көркемдік шешімдердің үйлесіміне құрылған, музыка мен хореографияны шебер тоғыстырған маңызды мәдени оқиғалардың бірі болды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі