Оралда Құрманғазы атындағы оркестрдің үлкен гастрольдік туры басталды

Оралда Құрманғазы атындағы оркестрдің үлкен гастрольдік туры басталды

Батыс Қазақстан облысында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің гастрольдік туры басталды. Бағдарламаның ашылуы Орал қаласында өтті. «Атамекен» өнер орталығының сахнасында көрермендерге «Ұлттық оркестр Оралда» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Екі бөлімнен тұратын концертте ұлттық музыка өнерінің алтын қорынан таңдаулы туындылар және әлем классикасының белгілі шығармалары орындалды.

Іс-шараның мақсаты – ұлттық мәдениетті өңірлерде кеңінен насихаттап, халықпен шығармашылық байланысты нығайту. Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп интернатының виолончелистер ансамблі, Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттер хоры және «Атамекен» камералық хоры өнер көрсетті.

Гастрольдік тур аясында Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттері үшін шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Жас орындаушылар домбыра, қобыз, баян және домра прима бойынша еліміздің жетекші музыканттарынан сабақ алып, орындаушылық техника мен интерпретацияға қатысты кәсіби кеңестер тыңдады.

Құрманғазы атындағы оркестрдің гастрольдік туры 3-4 желтоқсан күндері Бөкей ордасы, Қазталов және Жаңақала аудандарында жалғасады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі