«Ақтау – Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы» жылының жабылуына арналған салтанатты концертке 1500-ден астам адам қатысты

«Ақтау – Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы» жылының жабылуына арналған салтанатты концертке 1500-ден астам адам қатысты

Бүгін «Ақтау – Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы» жылының жабылуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым, сондай-ақ ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің мәдениет министрлері мен тиісті ведомстволарының өкілдері қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдени астана мәртебесі өңір үшін құрмет қана емес, сонымен бірге түркі әлемінің бай мұрасын кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Тарихи қала осы жауапкершілікті абыроймен атқарып, өзіне жүктелген міндетті жоғары деңгейде орындады деп нық сеніммен айта аламыз. Жобаның табысты жүзеге асуына Президентіміздің түркі мемлекеттерінің бірлігін нығайтуға, гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған тұрақты мәдени саясаты айрықша рөл атқарды. Президенттің мәдениет, ғылым мен білім, жастар алмасуы салаларындағы нақты бастамаларға негізделген түркі интеграциясы жөніндегі маңызды ұстанымы бүкіл түркі әлемінде кең қолдау тауып, жоғары бағаланды. Ақтауда жүзеге асқан ТҮРКСОЙ жобалары Мемлекет басшысы бастамаларының нақты нәтижеге айналып, бауырлас халықтарды бұрынғыдан да жақындастыра түскенін айқын көрсетті», – деді министр.

Жыл бойы Ақтауда мыңдаған әртістерді, ғалымдарды және қонақтарды біріктірген 30-дан астам ірі халықаралық іс-шара өтті. Олардың қатарында музыка, эпос, фольклор және би фестивальдері, шығармашылық симпозиумдар мен ғылыми конференциялар, сондай-ақ балалар мен жастарға арналған түрлі байқаулар бар.

Сонымен қатар, жыл аясында өткен маңызды іс-шаралардың бірі – 7 елден келген 9 театр қатысып, үш мыңнан астам көрермен тамашалаған III Халықаралық театр фестивалі. Сондай-ақ 47 конкурстық фильм ұсынылған, түркі кинематографистері үшін шығармашылық маңызды алаңға айналған «Қорқыт ата» Халықаралық кинофестивалі де аншлагпен өтті.

Көркем дүниелері мен жарқын қойылымдары көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, ерекше әсер қалдырған «Көшпенді қуыршағы» Бірінші Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі де айрықша орын алады.

Өз кезегінде салтанатты іс-шараның арнайы қонағы, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым Маңғыстау жұртының қонақжайлығы, Ақтау қаласының бай мәдениетіне ерекше тоқталды.

«Қазақстан – Түркі әлемінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп тұрған тірек елдердің бірі ғана емес, оның қуатты орталығы. Түркі мемлекеттері ұйымындағы конструктивті рөлі, экономикалық орнықтылығы, бай мәдени мұрасы және тұрақты дамуы Қазақстанды Түркі елдерінің арасында көшбасшы деңгейге көтеріп отыр. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көрегендігі мен көшбасшылығы өңірлік бейбітшілікті нығайтуға, көпвекторлы дипломатияны дамытуға және Түркі әлемінің бірлігі идеясын ілгерілетуге орасан үлес қосуда. Бүгінгі салтанатты іс-шара – осы бірізді саясаттың және Қазақстанның инклюзивтілік дәстүрінің жарқын көрінісі», – деді Бинали Йылдырым.

Ақтауда жүзеге асырылған жұмыс халықаралық деңгейде жоғары бағасын алды. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев қала бүкіл түркі қауымдастығы үшін бауырластықтың және жаңа мүмкіндіктердің символына айналғанын айтты.

«Бүгін біз Каспийдің көгілдір толқынына көз тастап тұрып, бір жылдың тарихын, бірліктің шежіресін ой елегінен өткізіп тұрмыз. Бұл жыл – жүректерді жақындатқан, бауырластықты биіктеткен, Ақтаудың Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған қасиетті жыл болды. Күн астында көк ту желбіреп, жер бетінде бауырлас жұрттың әуені шырқалды. Жыр мен күй, би мен сөз – бәрі де ортақ рухымыздың үнін жеткізді», – деді Сұлтан Раев.

Салтанатты іс-шара Гала-концертпен жалғасты. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан 300-ден астам әртіс қатысып, көрермендерге вокалдық және би қойылымдарын ұсынды. Концерт бағдарламасы түркі елдерінің сахналық өнерінің алуантүрлілігін паш етіп, мерекелік көңіл күй мен шығармашылық бірлік атмосферасын қалыптастырды.

Концерттік бағдарламадан кейін «Түркі әлемінің 2026 жылғы мәдени астанасы» атағын тапсыру рәсімі өтті. Ақтау қаласының әкімі бұл мәртебелі атақты Өзбекстанның Әндіжан қаласының хокиіміне табыстады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі