Ақтауда Түркі әлемінің жас суретшілері байқауының үздік жұмыстары таныстырылды

Ақтауда Түркі әлемінің жас суретшілері байқауының үздік жұмыстары таныстырылды

ТҮРКСОЙ мәдениет министрлерінің 42-отырысы аясында «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» іс-шаралар бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған «Түркі әлемінің дәстүрлі балалар ойындары» тақырыбында жас суретшілер байқауы жеңімпаздарының көрмесі өтті.

Байқау түркі халықтарының құндылықтарын, материалдық және рухани мәдени мұраны сақтау, оны келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылды.

«Бұл байқау жыл сайын жарияланады. Балалар өте белсенді қатысады. Әр байқауға барлық елден 30 мыңнан астам бала қатысады. Көрмеде жеңімпаздардың жұмыстары қойылған. Бұл тақырыптық байқау, біз оны түркі халықтарының бүгінде ұмытылып бара жатқан балалар ойындарына арнадық. Осындай мұраны балалардың өздері көріп, сезінуі – қуантады. Балалар түркі халықтарының ұлттық ойындарын қалай қабылдайтынын көрсетті. Олар өздерінің ұлттық ойындарын салып берді», – деді ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев.

Дарынды жастар арасындағы бұл сайысқа 2000-нан астам өтінім қабылданып, олардың ішінен Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркиядан келген 18 жас суретші жүлделі орынға ие болды.

Байқау қорытындысы бойынша әр елден үздік үш жұмыс және финалға өткен барлық шығармалар жинақталған арнайы альбом дайындалды. Бұл альбом Түркі елдерінің өнерсүйер қауымына ұсынылып отыр.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі