Алматыда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» поэзия және музыка кеші өтті

Алматыда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» поэзия және музыка кеші өтті

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұлы ақын, ойшыл әрі композитор Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» атты поэзия және музыка кеші өтті. Іс-шараға өнерсүйер қауым, сондай-ақ академияның ұстаздары мен студенттері жиналды.

Кеш «Желсіз түнде жарық ай» әнімен ашылып, көрермен Абайдың өзге де танымал шығармаларын бірге орындап, ерекше рухани көңіл-күй қалыптастырды. Бағдарламада «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да...», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Есіңде бар ма, жас күнің?» және басқа да классикаға айналған әндер шырқалды.

Абайдың өлеңдері концертмейстерлердің сүйемелдеуімен оқылды. Кеште белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері өнер көрсетті. Сонымен қатар академияның ұстаздары мен студенттері де сахна төрінде өздерінің жоғары кәсіби шеберлігін танытты.

Абай Құнанбайұлының мұрасы бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзекті болып қала береді. Оның өлеңдері, әндері мен философиялық ой-толғамдары бүгінгі ұрпаққа рухани демеу беріп, шабыттандырады. Бұл кеш ұлы ақынның рухына құрмет қана емес, ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды мәдени іс-шара болды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі