Қазақстан мәдени мұраны қорғау жөніндегі Азия альянсының екінші Бас Ассамблеясына қатысты

Қазақстан мәдени мұраны қорғау жөніндегі Азия альянсының екінші Бас Ассамблеясына қатысты

Чунцин қаласында Азиядағы 20-дан астам мемлекет мәдениет министрліктерінің өкілдері қатысқан мәдени мұраны қорғау жөніндегі Азия альянсының екінші Бас Ассамблеясы өтті.

Қазақстан тарапынан іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов қатысты. Ол өз сөзінде халықаралық тәжірибе алмасудың маңызына тоқталып, мәдени мұраның тұрақты даму мен өзара түсіністіктің негізі ретіндегі рөлін атап өтті.

Пленарлық отырыс барысында қатысушылар Альянстың аймақ елдерінің күш-жігерін мәдени мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау бағытында біріктіруге арналған миссиясы мен стратегиялық көзқарасын талқылады. Альянс қызметі тарихи ескерткіштерді қорғаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға, кәсіби диалогты дамытуға, сондай-ақ археология, реставрация және мәдени нысандарды цифрландыру салаларындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға ықпал етеді.

Түстен кейін Альянс Кеңесінің үшінші отырысы өтті. Онда 2024-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарының іске асырылуы туралы есеп пен 2025-2027 жылдарға арналған жоба таныстырылды. Құжатта халықаралық зерттеу жобаларын одан әрі дамыту, жастар бағдарламаларын күшейту және мәдени мұраны қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту көзделген.

Бас Ассамблея мен Кеңес жұмысына 200-ден астам делегат қатысты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі