
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 2026 жылғы 9 мамыр мен 22 қараша аралығында өтетін 61-ші Венеция биенналесіне Қазақстан Ұлттық павильонын дайындауға арналған кураторлық өтінімдер байқауының іріктеу комиссиясы бекітілді.
Комиссия мүшелерін анықтау барысында пәнаралық сараптама, ашықтық және кәсіби тәуелсіздік қағидаттары басшылыққа алынды.
Бұл құрамға қазіргі заманғы өнер, музей ісі, театр, музыка саласындағы жергілікті және халықаралық мамандар, сондай-ақ академиялық қауымдастық және мемлекеттік музей өкілдері енді.
Комиссия құрамы:
Камилла Ли – ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық көркем сыншылар қауымдастығының (AICA) және Халықаралық авторлық ассоциациясының (ALAI) мүшесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Күлшат Медеуова – философия ғылымдарының докторы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры.
Юлия Сорокина – заманауи өнердің тәуелсіз кураторы, PhD, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті.
Әннәс Бағдат – драматург, кино сценарист, продюсер, режиссер, ArtKöşe тәуелсіз театрының негізін қалаушы.
Екатерина Резникова – ҚР Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми хатшысы.
Ардақ Юсупова – Өнертану кандидаты, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің қауымдастырылған профессоры, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық көркем сыншылар қауымдастығының (AICA) мүшесі
Наргиз Шүкенова – мәдени жобалар продюсері.
Алмагүл Меңлібаева – көпсалалы суретші.
Виктор Мизиано – өнертанушы, куратор, сыншы, баспагер.
Др. Мария Милеева – The Courtauld Institute of Art (Лондон университетінің құрамындағы өнер тарихы институты) аға лекторы.
Эльвира Эвр Джалчинова-Малец – куратор, Варшава заманауи Азия өнері институтының негізін қалаушы.
Айта кетейік, 2025 жылдың қараша айында 61-ші Венеция биенналесіне Қазақстан Ұлттық павильонын дайындауға арналған кураторлық өтінімдер конкурсы жарияланды. Байқаудың мақсаты – 2026 жылы өтетін Биеннале тақырыбын («In Minor Keys») ашатын тұжырымдамалық және көркемдік жағынан тұтас жобаны іріктеу және Қазақстанның заманауи өнерін халықаралық деңгейде таныстыру. Конкурс кураторлық және зерттеу бастамаларын қолдауға, пәнаралық әдістерді дамытуға, жергілікті қауымдастықтармен ынтымақтастықты арттыру үшін ұйымдастырылады.
Байқауға кемінде бес жылдық кураторлық тәжірибесі бар Қазақстан Республикасының азаматтары – жеке кураторлар мен кураторлық топтар қатыса алады. Басымдық Қазақстанда тұратын және жұмыс істейтін үміткерлерге беріледі
Құжаттар 2025 жылдың 9 желтоқсанына дейін қабылданады. Байқаудың толық шарттары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтындағы «Құжаттар» бөлімінде жарияланған.
Өтінімдер Info@kazakhstanpavilion2024.kz электронды поштасы арқылы қабылданады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі