
Будапештте Мажарстан би университетінде өткен жас орындаушыларға арналған халықаралық Budapest Ballet Grand Prix 2025 байқауы өз мәресіне жетті. Додада 21 елден келген 77 биші өнер көрсетті.
Қазақстан атынан байқауға Қазақ ұлттық хореография академиясы колледжінің 1-курс студенті Әбілмансұр Сырманов қатысып, Junior санатында үшінші дәрежелі жүлде лауреаты атанды. Айта кетейік, бұл санатта қатысушылар жынысына қарай бөлінбеді, бұл бәсекелестік деңгейін айтарлықтай арттырды.
BBGP байқауының мақсаты – талантты жас орындаушыларды қолдау, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және халықаралық сахнада тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру. Қатысушылардың жұмысына әлемдік балет өнерінің танымал шеберлері енген халықаралық қазылар алқасы баға берді. Үшінші орынмен қатар, Әбілмансұр Сырманов бірнеше арнайы марапатқа ие болды. Ол Мажарстан би университетінің «Би әртісі» бакалавриат бағдарламасына тегін оқуға шақырылды, сондай-ақ Брно қаласында өтетін Еуропалық би байқауына қатысу ұсынылып, ұйымдастырушылар барлық шығынды өздері көтеретінін жеткізді. Бұған қоса, жас биші Норвегия ұлттық балеті 2 және Дрездендегі Semperoper Ballet труппаларына бір апталық тағылымдамадан өтуге шақырту алды.
Жас өнерпазды байқауға классикалық би педагогы Әсет Мұрзақұлов дайындады.