
Астанада «QazMed Volunteers – медициналық волонтерлік ел игілігі үші» республикалық форумы өтті. Оған жастар ұйымдарының өкілдері, медициналық волонтерлер және еліміздің барлық аймақтарынн келген сарапшылар қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Медициналық жастар» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылды.
Форум аясында алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабақтары, қан донорлығын насихаттау акциялары, жастарға арналған дәрістер, пікірталас алаңдары, сондай-ақ волонтерлік жобалардың көрмесі өтті.
Өңірлік үйлестірушілер қатысқан пленарлық отырыста волонтерлік саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушыларға «Мен – медик-волонтер», «Project manager деген кім?», «Медицинадағы медиа» тақырыптарында шебердік сабақтары ұйымдастырылды.
Медициналық волонтерлікті жүйелі дамыту үшін QazMed Digital онлайн-платформасы іске қосылды. Онда 10 оқу модулі қолжетімді, 2 500-ден астам волонтер тіркелген, шамамен 1 200 жас қатысушы онлайн-оқытудан өтіп, сертификат алды. Сонымен қатар 10 подкаст әзірленіп, әлеуметтік желілерде 50-ден астам бейнеролик және 150-ден астам ақпараттық материал жарияланды. Сонымен қатар, Астана, Алматы, Шымкент, Семей және Қарағанды қалаларында өңірлік фронт-кеңселер ашылды, бірыңғай корпоративтік стиль мен арнайы волонтерлік киім әзірленді.
Бастамаларды қолдау үшін жалпы сомасы 10 миллион теңге болатын шағын гранттар байқауы өткізілді. Келіп түскен 49 өтінімнің ішінен 10 жеңімпаз анықталды. Жобалар әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету, салауатты өмір салтын насихаттау, донорлықты дамыту, алғашқы және психологиялық көмек көрсету бағыттары бойынша іске асты. Нәтижесінде 2 000-нан астам адам қамтылып, 10 000-нан астам адам ақпарат алды.
Бұдан бөлек, 2025 жылдың 29 қыркүйегі мен 12 қазаны аралығында республикалық деңгейде QazMedFest апталығы өтті. Апталық аясында волонтерлікті насихаттау бойынша түрлі креативті іс-шаралар ұйымдастырылды. Жоба қорытындысы бойынша өңірлік кеңселердің жұмыс нәтижесі мен шағын гранттар аясында жүзеге асырылған үздік бастамалар енген «Медициналық волонтерліктің үздік тәжірибелері» атты жинақ жарық көрді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі