
Бүгін Қазақстан Президенті мен Армения Премьер-министрінің қатысуымен екі елдің ресми делегациялары бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты. Олардың қатарында мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды құжаттар да бар.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы» Республикалық мемлекеттік мекемесі мен Армения Республикасының «Армения Ұлттық кітапханасы» Мемлекеттік коммерциялық емес ұйымы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум қабылданды.
Сондай-ақ «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен Армения Кино қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен «Армения Ұлттық галереясы» Арнайы ғылыми-өндірістік бірлестігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум қабылданды.
Қол қойылған құжаттар бірлескен мәдени бастамаларды жүзеге асыруға, кәсіби тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Армения арасындағы шығармашылық байланысты одан әрі тереңдете түсуге жаңа мүмкіндіктер ашады.