«Қолмен өрілген қолғап сыры»: ҚР Ұлттық музейінде Эстония Ұлттық музейімен бірлескен көрме ашылды

«Қолмен өрілген қолғап сыры»: ҚР Ұлттық музейінде Эстония Ұлттық музейімен бірлескен көрме ашылды

Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейінде Эстония Ұлттық музейімен бірлесіп ұйымдастырылған «Қолмен өрілген қолғап сыры» атты көрме ашылды. Іс-шара Эстония Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтті. Көрме эстон қолғап тоқу дәстүріне арналды. Қолғап Эстонияның ұлттық мәдениетінің маңызды бөлігі саналады.

Салтанатты іс-шараға Эстония Президенті Алар Карис пен оның жұбайы Сирье Карис, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, эстон делегациясы, дипломатиялық корпус пен екі елдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Карис мырза құттықтау сөзінде көрменің ұйымдастырушыларына алғыс білдірді.

«Солтүстік халықтары үшін қолғап – тұрмыстық өмірде ең қажет дүние. Бұл нәрсені Қазақстанға қатысты айтуға да болады деп ойлаймын. Эстон Ұлттық музейінің көшпелі көрмесінде эстон халқының тарихы мен мәдениеті көрсетіледі. Біздің өрнектеріміз, символдар, халқымыз, ана немесе әже бейнесі ұсынылған. Иә, мәдениетіміздің маңызды бөлігі әйелдер арқылы берілді. Олар – отбасы мен ошағын, халық даналығын, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты және мәдениетті сақтаған жандар. Мәдениетіміз, рухымыз әрдайым осы әйелдердің аялы алақанында болды. Біз оны жоғары бағалаймыз әрі құрметтейміз. Осы көрмені мейлінше көп адам тамашаласа деген тілек бар. Себебі бір-біріміздің мәдениетіміз бен өмірге деген көзқарасымызға қызығушылық таныту арқылы біз даналыққа және адамгершілікке бір табан жақындаймыз», – деді Эстония Республикасының Президенті.

Іс-шара барысында Аида Балаева бірлескен көрме мәдени ынтымақтастықты нығайтуға, қолөнер, музей ісі саласында жаңа бірлескен жобаларға жол ашатынына сенім білдірді.

«Қазақстан үшін Эстонияның мәдени мұрасымен танысу ерекше маңызды. Осындай көрмелер ұлттық бірегейліктің жаңа қырларын ашып, шығармашылық диалогқа мүмкіндік береді. «Қолмен өрілген қолғап сыры» атты көрменің атауы терең мағынаға толы. Ол тек қолөнер мен шеберлікті ғана емес, екі ел халқына тән жылы да сенімді қарым-қатынасты білдіреді. Қол мен қолғаптың бірін-бірі толықтырғаны сияқты, біздің мәдениеттер де өз болмысын сақтай отырып, дәстүрді қорғау мен оны заманауи тұрғыдан дамыту жолындағы ортақ ұмтылыста үйлесім табады», – деді министр.

Экспозицияда Орта ғасырлардағы үлгілерден бастап, бүгінгі заманауи бұйымдар көшірмелері қойылған. Олардағы әрбір өрнек пен қолданылған түс өз дәуірі мен аймақтық ерекшеліктерінен сыр шертеді. Көрмеде Эстон ұлттық музейінің түпнұсқа коллекцияларына сүйене отырып, Тарту университетінің Вильянди мәдениет академиясымен бірлесіп жасалған жұмыстар қойылған.

Көшпелі көрме бұған дейін бірнеше Еуропа елінде өткен. Атап айтсақ, Мажарстан, Нидерланды, Франция, Бельгия, Болгария, Грекия және Эстонияда көрсетіліп, ал бүгін Қазақстанда ұсынылды.

Жоба аясында Эстон ұлттық музейі әзірлеген білім беру бағдарламасы да қарастырылған. Қатысушылар қолғап өрнектерінің мән-мағынасымен танысып, дәстүрлі ою-өрнекке шығармашылық тұрғыдан интерпретация жасау мүмкіндігіне ие болады.

Көрме 2025 жылғы 28 желтоқсанға дейін жалғасады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі