
Атырау қаласында «Шығыс пен Батыс тоғысқан Сарайшық: Ұлы даладағы тарих және мәдениет» атты халықаралық ғылыми симпозиум басталды. Симпозиумның мақсаты – ортағасырлық Сарайшық қалашығының тарихи, саяси және мәдени маңызын жан-жақты зерттеу.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан құттықтау сөзді вице-министр Айбек Сыдықов оқыды. Министр өз сөзінде бүгін жиналған әрбір ғалым мен маманның тарихымызды терең ұғынуға, ұлттық мұраны сақтауға және оны келешек ұрпаққа жеткізуге маңызды үлес қосатынын атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың ортағасырлық Сарайшық қалашығын сақтау, жаңғырту жөніндегі тапсырмалары ұлттық мәдениет пен тарихи мұраға деген жаңаша көзқарасты қалыптастырып, алдағы ізденістерге тың серпін беруде. Бүгінгі симпозиум аясында сіздердің ғылыми пікірлеріңіз, ортақ ұсыныстарыңыз Сарайшықтың болашақтағы зерттеу және сақтау стратегиясын жетілдіруге өз үлесін қосады деп сенемін», – делінген құттықтау хатта.
Симпозиумның негізгі мақсаты – Шығыс пен Батысты тоғыстырған ортағасырлық Сарайшық қалашығының тарихи, саяси және мәдени маңызын жан-жақты зерттеу, оны қайта жаңғыртуға арналған жаңа тұжырымдамалар әзірлеу, ғылыми айналымға енгізу және отандық әрі шетелдік ғалымдар арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықты нығайту.
Симпозиум аясында 2023–2024 жылдары Қарабау-2, Қарақұдық-1 және Қарақұдық-2 қорғандарында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған бірегей археологиялық жәдігерлер көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ Абай орталығында секциялық отырыстар өтті.
Айта кетейік, симпозиумға АҚШ, Жапония, Әзербайжан, Қырғызстан және Ресейден келген ғалымдар, археологтар, тарихшылар, музей ісінің мамандары мен өлкетанушылар қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі