
Астана қаласында «Архив-2025: архивтегі аманат» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, республикалық және облыстық архивтердің басшылары, архив саласының мамандары, тарихшы-ғалымдар қатысты.
Жиын барысында Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқыды.
«Сіздер еліміздің тарихи-мәдени мұрасы мен баға жетпес жәдігерлерін сақтау, оларды ғылыми айналымға енгізу, келешек ұрпаққа жеткізу жолында қажырлы қызмет етіп келесіздер.
Елдің зияткерлік меншігі мен мәдени игілігінің тұтастығын сақтап, архив ісін жетілдіріп, ауқымды жобаларды жүзеге асырғандарыңыз үшін алғысым шексіз», – делінген құттықтау хатта.
Конференцияның мақсаты – 2020-2025 жылдарға арналған «Архив-2025» жобасын іске асыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын қорытындылау.
Конференция барысында қатысушылар 2020–2025 жылдарға арналған «Архив–2025» жобасын іске асыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарының нәтижесін талқылап, көрме материалдары мен архив мекемелерінің жаңғыртылған материалдық-техникалық базасымен танысты.
Көне құжаттар қатарында 918 жылы Темір ханның Сайбек ханға елші жіберіп, Бұрындықпен мәмілеге келуі туралы деректер және Шығыс Түркістан халқының тәуелсіздігімен бостандығы үшін күрескен Оспан батыр туралы Нұрғожай батырдың естеліктері бар. Бұдан бөлек мәдениет, ғылым, түрлі салалар мен қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүріне қатысты құжаттар да сақталған. Қазақтың күйші қызы Дина Нұрпейісова түскен қысқа бейнесюжет, биші Шара Жиенқұлова жайлы деректер де архив қорына енді.
Айта кетейік, 2020 жылдан бастау алған жоба аясында республикалық архивтердің ғылыми-экспедициялары Германия, Польша, Чехия, Түркия, Франция, Мажарстан, Үндістан, Иран, Египет, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Әзербайжан, Беларусь, Катар сынды 14 елде анықтау жұмыстарын жүргізді.
Ғылыми зерттеу нәтижесінде 913-1990 жылдар аралығындағы Қазақстан тарихына қатысты 7000-нан аса құнды құжат жинақталып, ғылыми айналымға енгізілді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі