Қазақстан өз би мектебін ГИТИС сахнасында таныстырды

Қазақстан өз би мектебін ГИТИС сахнасында таныстырды

Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері өз мектебін Мәскеудегі «ГИТИС-Экзерсис» Халықаралық хореографиялық зертханасының шеберлік сыныптарында таныстырды. Академияда көптеген үміткерлердің ішінен хореография факультетінің аға оқытушысы, декан орынбасары Евгений Моисеевтің жетекшілігімен Бекарыс Төлеген мен Айдана Мусаифова іріктелді.

Іс-шара ГИТИС оқу театрының тарихи сахнасында «Приоритет-2030» стратегиялық академиялық көшбасшылық бағдарламасы аясында өтті. Зертхана жұмысына Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан хореографиялық білім беру және өнер саласының көрнекті мамандары қатысты. Атап айтсақ, оқытушылар, студенттер, ассистент-стажерлер, шығармашылық университеттердің магистранттары, кәсіби би ұжымдарының қатысушылары, би тарихшылары мен балеттанушылар.

Бағдарламада классикалық, ұлттық және бал биы, заманауи сахналық формалар мен хореография бағыттары бойынша шеберлік сыныптары, сондай-ақ жетекші балет сыншылары мен педагогтар қатысқан қорытынды дөңгелек үстел болды.

Шеберлік сыныптарының мақсаты – мамандар арасында тәжірибе мен идея алмасу. Мұндай жобалардың маңызы – халықаралық ынтымақтастықты дамытуда кәсіби қоғамдастықтың рөлін арттыру.

Әрбір сабақ жеке тақырыпқа және нақты хореографиялық стильге арналған. Олардың қатарында бал және классикалық би, заманауи хореография, степ, фламенко бар.

Қазақ ұлттық хореография академиясының өкілдері бал биі мен қазақ биін өзара үйлестіріп, ерекше өнер көрсетті. Қатысушылар мен ұйымдастырушылар Қазақстан ұсынған бұл бағыт би өнерінің дамуына жаңа серпін беретініне тоқталды. Көптеген маман бұл тәжірибені қабылдап, ресейлік хореографтар да түрлі хореография бағыттарын орыс биімен әрлендіре алады деген тоқтамға келді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі