
ҚР Ұлттық архивінің алтын қоры қазақ әдебиетінің алыбы, жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның жеке мұрасымен толықты. Осыған орай «Шерхан Мұртаза мұрасы: «Егемен Қазақстаннан» - Ұлттық архивке» атты іс-шара өтті.
Жиынға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиеттанушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Архив қорына жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты 6000-нан астам парақтан тұратын мұра ресми түрде табыс етілді. Оның ішінде «Қызыл жебе» романының түпнұсқа қолжазбасы, Тұрар Рысқұлов туралы зерттеу материалдары, «Бесеудің хаты» драмасы, сондай-ақ бұрын жарияланбаған сирек фотосуреттер, жеке хаттар, жазба дәптерлер мен тарихи-мәдени маңызы жоғары құжаттар бар.
Іс-шара соңында екі жақты келісімшартқа қол қойылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі