
ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азия өңірлік бөлімінің басшысы Матильда Богнер және Орталық Азия өңірлік бөлімінің аға кеңесшісі Элизабет да Коштамен кездесті.
Жиынның мақсаты – адам құқықтары саласының қазіргі жағдайын және болашақтағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру мен азаматтық қоғаммен өзара байланыс мәселелерін талқылау.
Евгений Кочетов министрліктің БҰҰ құрылымдарымен белсенді ынтымақтастық орнатып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында адам құқықтары саласында кешенді және институционалдық шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнамасын жетілдіру, кемсітушілікке қарсы заңнаманы дамыту мәселелері де қаралды.
Тараптар әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстанда адам құқықтарын қорғау мен азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін растады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі