Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері Бейжің би академиясының Dance Theatre сахнасында өтетін «Сұлулықпен үндестік: Би бойынша білім берудегі әлемдік алмасу» атты халықаралық көрсетілімге қатысады.
Халықаралық жобаның бастамашысы – Бейжің би академиясы, ал іс-шара Би білімінің дүниежүзілік альянсы (World Dance Education Alliance) қолдауымен жүзеге асады. Іс-шараға 38 елден 70-тен астам жетекші хореографиялық оқу орны қатысуда. Бейжің би академиясы жүргізген қатаң іріктеу нәтижесінде Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері үздік қатысушылардың қатарына еніп, Қазақстан атынан халықаралық сахнада өнер көрсету мәртебесіне ие болды.
Көрсетілім бағдарламасына П. И. Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінен Аврора мен Дезиренің па-де-де нөмірі енген.
Академия студенттерінің бұл халықаралық жобаға қатысуы қазақстандық балет өнерін әлемдік деңгейде танылуына ықпал етері анық.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі