2025 жылғы 16 қазанда Астанада діни бірлестіктер өкілдерінің жиыны аясында «Рухани келісім – адам, табиғат және технология арасындағы үйлесімділіктің негізі» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Іс-шара Қазақстандағы Рухани келісім күніне орай ұйымдастырылды.
Конференция ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Конфессияаралық және дінаралық диалог халықаралық орталығының бастамасымен өтті.
Күн тәртібі аясында қазақстандықтарға тән тарихи қалыптасқан төзімділік, ынтымақтастық пен ашықтық сияқты құндылықтар талқыланды. Бұл құндылықтар адам, табиғат және технологиялық даму арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты қалыптастырудың негізі ретінде қарастырылды.
Ғылыми-техникалық прогресс жағдайында рухани бағдарды сақтау, моральдық жауапкершілікті арттыру мен ортақ адамзаттық болашақты сезіну мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конференция жұмысына діни бірлестіктер, дипломатиялық корпус, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ғылыми-сараптамалық қауымдастық, ҮЕҰ өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі