Астанада Ақтөбе драма театрының гастролі өтіп жатыр

Астанада Ақтөбе драма театрының гастролі өтіп жатыр

Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры алғаш рет Астанаға гастрольдік сапармен келді. 9–11 қазан аралығында театр әртістері Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының сахнасында өз өнерін көрсетеді.

Бұл сапар – өңір мәдениетінің өрісін кеңейтіп, Ахтанов театрының шығармашылық әлеуетін жаңа биікке көтеруді мақсат еткен ерекше мәдени оқиға.

9 қазан күні сапар шымылдығы Әлия Дәулетбаеваның «Әлия» мюзиклімен түрілді. Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған бұл қойылым – Ахтанов театрындағы мюзикл жанрындағы тұңғыш туынды. Батыр қыздың рухы мен нәзік жүрегіндегі күресті бейнелейтін спектакльде ерлік пен адамдықтың, жеңіс пен жеңілістің шынайы суреті көрініс табады. Басты рөлді – талантты жас актриса Ажар Жәрденбекқызы сомдады, ал қойылым режиссері – Есләм Нұртазин.

Бүгін М. Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты сахналанды. Бұл туындыда қазақ даласының байырғы дәстүрі мен аңшылық мәдениетінің философиясы қарт аңшы мен оның серігі – тазы арқылы өрбиді. Қойылымда ұлттық құндылықтарға деген құрметтің әлсіреуі мен замана ағымының адам болмысына әсері терең суреттеледі. Қойылымның режиссері – республикалық деңгейдегі үздік қоюшы Мейрам Хабибуллин.

Театрдың елордадағы гастролі 11 қазан күні «Турандот» трагикомедиясымен аяқталады. Шығыс шайыры Низамидің ертегілері мен италиялық драматург Карло Гоццидің дель-арте стиліндегі шығармасы негізінде сахналанған. «Турандот» – махаббат пен өрлік, ақыл мен айла тайталасқан көркем әлемге жетелейді. Қойылымның режиссері – халықаралық деңгейде танымал, креативті ойлауымен ерекшеленетін Әлібек Өмірбекұлы.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі