Астанада дәстүрлі «KitapTime – 2025» республикалық кітап фестивалі өтті

Астанада дәстүрлі «KitapTime – 2025» республикалық кітап фестивалі өтті

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында дәстүрлі «KitapTime – 2025» IV жалпы республикалық кітап фестивалі өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырыстарында елдің болашағы үшін кітап оқу мен баспа ісінің маңыздылығына ерекше тоқталып, кітап оқитын елдің ғана өркениетті, зиялы ұлтқа айналатынын атап өткен болатын. Осы үндеуді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл шара жастардың рухани және интеллектуалдық дамуын қолдауға, сондай-ақ ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеуге арналды.

Фестивальге ғылым мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, шетел елшіліктерінің өкілдері, баспагерлер, суретшілер, қолөнер шеберлері, иллюстраторлар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, кітапханашылар мен оқырмандар, сондай-ақ Астана қаласының тұрғындары қатысты.

Фестиваль аясында еліміздегі және шетелдік баспалар мен кітап дүкендерінің қатысуымен ауқымды кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар қолөнер жәрмеңкесі мен арнайы тақырыптық көрмелер өтті.

Бағдарлама барысында «Абай ауылы» этнолокациясы мен ақын мұрасына арналған көрме, «Ауылға кітап» сыйлау акциясы, елшіліктердің «Ұлттық атрибуттар» кітап-иллюстрациялық көрмесі, «BOOKCROSSING», «БИБЛИОРИНГ» әдеби ойындары, «Велошеру», сурет көрмесі, шеберлік сағаттары, «PICNIC TIME» фотоаймағы және басқа да мәдени іс-шаралар өткізілді.

Айта кетейік, «KitapTime – 2025» фестивалі бір мезетте республика бойынша барлық өңірлік кітапханаларда ұйымдастырылып, түрлі форматта мазмұнды шаралар өтті. Биылғы айтулы фестиваль аясында 1089 іс-шара өткізіліп, 30 мыңға жуық оқырман қамтылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі