Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мысыр Араб Республикасының Уақыптар министрі Усама әл-Азхаримен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Мысыр арасындағы тарихи әрі рухани байланыстарға негізделген және 1992 жылдан дипломатиялық қатынастар орнағаннан бастап белсенді дамып жатқан достық қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті.
Министрдің айтуынша, Мысыр елі араб-мұсылман әлемінің рухани және мәдени орталықтарының бірі саналады және Қазақстан үшін Мысыр араб әлеміндегі сенімді серіктес екенін атап өтті.
Сондай-ақ Аида Балаева Қазақстанның алдағы уақытта да конфессияаралық келісімнің үлгісі болып қала беретінін және Мысырмен бірлесіп халықаралық бастамаларға белсенді қатысуға дайын екенін жеткізді.
Келіссөздер барысында діни мамандарды даярлау мен біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастыққа, ғылыми байланыстарды дамытуға және ортақ мәдени бастамаларға ерекше көңіл бөлінді. Бұл саладағы жемісті серіктестіктің символы ретінде екі ел бірлесіп құрған «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті аталды.
Сонымен қатар тараптар діни экстремизм мен радикализмге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасудың және осы бағыттағы бірлескен күш-жігерді арттырудың қажеттілігін атап өтті.
Мысырдың Уақыптар министрлігі – елдің діни және қайырымдылық істерін басқарумен, сондай-ақ республикадағы діни білім беру бағдарламаларын қадағалаумен айналысатын мемлекеттік орган.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі