2025 жылдың 11 қыркүйегі күні Санкт-Петербургте (РФ) Он бірінші халықаралық біріккен мәдениеттер форумы өз жұмысын бастады. Бұл іс-шара – ашық диалог жүргізуге, тәжірибе алмасуға және жаңа идеяларды жүзеге асыруға арналған бірегей алаң.
Биылғы форумның тақырыбы – «Мәдениетке оралу – жаңа мүмкіндіктер». Қатысушылар мәдени мұраны сақтау жолдарын, цифрлық технологиялардың рөлін, креативті экономиканы дамытуды және өнер арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды талқылады.
Форум жұмысына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған Қазақстан делегациясы қатысты. Министр форум барысында мәдениет саяси құрал емес, рухани бірлікке, жасампаздыққа және шабытқа жетелейтін қайнар көз екенін атап өтті.
Аида Балаева мәдени кеңістіктің тәуелсіздігі мен тазалығын сақтауға бағытталған бірлескен шаралар қабылдауды ұсынды. Ол негізгі мүмкіндіктер ретінде мәдениеттің білім беру функцияларын, мәдени дипломатияны, креативті экономиканы және цифрлық технологияларды атады.
«Соңғы онжылдықтарда жаһандану, цифрландыру, урбанизация біздің өмірімізді күрт өзгертіп жатыр. Бұл процестер ынтымақтастыққа жаңа жол ашақанымен, дәстүр мен тарихи жадтың жоғалуына да қауіп төндіреді. Сондықтан мәдениетке оралу мұраны сақтауды ғана емес, оны заманауи әлемге бейімделудің айқын көрінісі», – деді министр.
Форум аясында Аида Балаеваның Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимовамен екіжақты кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастығының қазіргі жағдайын және перспективасын талқылады. Аида Балаева ресейлік тарапқа мәдени бастамаларды тұрақты қолдап келе жатқаны үшін алғыс білдіріді.
Қазан айында өтетін Ресейдегі Қазақстан мәдениеті күндерінің бағдарламасы мазмұнды болғалы тұр. Жаңа Третьяков галереясында Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің коллекциясынан алынған шедеврлер көрмесі ашылады. Кіші театр сахнасында заманауи философиялық драма «Парасат майданы» ұсынылады. Бұл күндері ресейлік көрермен Қазақстан киносы мен заманауи қазақстандық кинематографияның жаңа есімдерімен және өзекті тақырыптарымен танысады. Қазақстан мәдениеті күндерінің қорытынды іс-шарасы Қазақстан өнерпаздары қатысатын Гала-концертпен аяқталмақ.
Кездесу қорытындысы бойынша екі ел министрлері әріптестікті нығайтуға, тәжірибелер алмасып, бірлескен жобаларды іске асыруға және мәдениет мекемелері арасындағы байланыстарды дамытуға ниетті екендерін растады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі