Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов АҚШ Сауда министрлігінің халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға жауапты US Commercial Service ұйымының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанның креативті нарығындағы перспективалы және табысты бағыттары таныстырылып, ынтымақтастықтың шарттары мен форматтары талқыланды.
Евгений Кочетов өз сөзінде Қазақстанның креативті индустрия саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ашық екенін атап өтті. «Бізде барлық қажетті қаржылық инфрақұрылым жасақталған, заңнама үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес бейімделген, ал елімізде көптеген талантты азаматтар жұмыс істейді», – деді вице-министр.
Кездесуде кино, музыка, сән, IT және геймдевелопмент сияқты салалардың даму көрсеткіштеріне ерекше назар аударылды.
Стартаптарды акселерациялау, халықаралық копродукциялар және контент дистрибуциясы секілді бағыттар бойынша ынтымақтастық орнату қарастырылуда.
Бүгінде қазақстандық контент шетелде белсенді сұранысқа ие. Оны Ресей, Қырғызстан, Ирландия, Германия, Әзербайжан, Түркия, Үндістан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және Өзбекстан сияқты елдер сатып алды. Мәселен, соңғы екі жылдың ішінде ұлттық «Хабар» және «Қазақстан» телеарналары шетелге 30-дан астам сериал сатты. Олардың дистрибуциясымен Германияның жетекші медиакорпорацияларының бірі айналысады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі