Елімізде БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес, 5 қыркүйек Халықаралық қайырымдылық күні болып бекітілді. Қайырымдылық пен жанашырлық – ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Азаматтарымыз көрсеткен қайырымдылық көмек мұқтаж жандардың өмірін өзгертуге мүмкіндік береді.
Бүгінде республика бойынша 1300-ден астам қайырымдылық ұйымы белсенді қызмет атқаруда. «Игі істер марафоны» жобасы аясында ел азаматтары 2,5 мыңға жуық қайырымды іс атқарды.
2025 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеулер қорытындысына сәйкес, қазақстандықтардың 84%-ы қайырымдылыққа оң көзқарас танытса, 71%-ы нақты қайырымдылық көмегін көрсеткен.
Қайырымдылық жасаушыларды ынталандыру мақсатында 2023 жылдан бастап министрлік «Қайырымдылық саласындағы құрметті атақ» марапатын табыстап келеді. Осы уақыт аралығында 131 азамат осы құрметті атаққа лайық деп танылды.
Заңдылық пен жариялылықты сақтау – қайырымдылық жасаудың негізгі қағидаттары. Осы ретте министрлік қайырымдылық ұйымдары мен тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, «Қайырымдылық туралы» заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бағытында жұмыстар жүргізуде. Негізгі мақсат – қайырымдылық процесінің ашықтығын көрсету.
Азаматтық қоғам мен бизнес сектордың қайырымдылыққа кеңінен бет бұруы – әлеуметтік жауапкершілік пен бірліктің айқын көрінісі.
Осы орайда барша қайырымдылықпен айналысатын жандарды атаулы күнмен құттықтай отырып, абыройлы қызмет пен шығармашылық табыс тілейміз.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі