Жамбыл атындағы филармонияда Қытай композиторы Сянь Синхайдың 120 жылдығына арналған концерт өтті

Жамбыл атындағы филармонияда Қытай композиторы Сянь Синхайдың 120 жылдығына арналған концерт өтті

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығымен бірлесіп, Қытайдың ұлы композиторы Сянь Синхайдың 120 жылдығына арналған концерт ұйымдастырды.

Мерейтой кеші – тек мәдени іс-шара ғана емес, қазақ пен қытай халықтарының достық қарым-қатынасының көрінісі. Сянь Синхай мен қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов арасында берік достық орнаған. Қытай композиторы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Алматыға табан тіреп, Бақытжан Байқадамовпен етене араласқан.

Іс-шара ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласы өкілдігінің басшысы Жәнібек Әбдрашов пен Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас консулы Цзян Вэй мен филармония директоры Ақан Әбдуалиевтің құттықтау сөзімен басталды.

Кеште Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы және жеке орындаушылар өнер көрсетті.

Бағдарламада Сянь Синхайдың «Амангелді» симфониялық поэмасы мен әйгілі «Сары өзен» кантатасы, «Қазақ билері», «Тайханшань тауында» секілді туындылары орындалды.

Жамбыл атындағы филармония ордасында алдағы уақытта да халықаралық өнер мен мәдениетті насихаттайтын жарқын жобалар жалғасын табады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі