2025 жылдың 28 тамызында елордада «Конституция және құндылықтар: азаматтық келісімнің негіздері» тақырыбында «Ұстаным» ұлттық пікірталас клубының төртінші отырысы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып, азаматтық қатысу мен қоғамдағы құндылық бағдарларын дамыту мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес сектордың, сондай-ақ ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Кездесу аясында Конституцияның қоғамдық келісім шарты ретіндегі рөлі, азаматтық жауапкершілікті нығайту, азаматтарды шешім қабылдау және мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үдерістеріне тарту тәжірибелері сияқты маңызды аспектілер қаралды. Қатысушылар мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара байланыс тетіктерін дамытуға бағытталған ғылыми тәсілдерді, аналитикалық шолулар және тәжірибелік кейстерді бөлісті.
Жастар мен Қоғамдық кеңестердің қатысу мәдениетін, әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыру және демократиялық құндылықтарды нығайту ісіндегі рөліне ерекше назар аударылды.
Талқылау қорытындылары бойынша азаматтық келісімді одан әрі нығайту үшін ашық диалогты дамытуға, азаматтық бастамаларды институционалдық қолдауға және үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ұсыныстар айтылды.
Отырыс ашық пікірталас форматында өтті. Іс-шара құқықтық мәдениетті арттыру, демократиялық институттарды дамыту және қоғамды біріктіру жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі