Өскеменде өткен Азаматтық форум: қоғамдық кеңестер – өзгерістің қозғаушы күші

Өскеменде өткен Азаматтық форум: қоғамдық кеңестер – өзгерістің қозғаушы күші

2025 жылғы 27 тамызда Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысының Азаматтық форумы өтті. «Өңір дауысы: Қоғамдық кеңестер – өзгерістің қозғаушы күші» тақырыбында өткен басқосу азаматтық қоғамды дамытудың жаңа тәсілдерін талқылауға арналған маңызды диалог алаңына айналды.

Бұл іс-шара мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалог дәстүрін жалғастырды. Форумға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, кәсіподақтар, қоғамдық кеңестер мен сарапшылар қауымдастығы өкілдері қатысты.

Жиында өңірлік саясат пен реформаларды жүзеге асыруда қоғамдық кеңестердің рөлі, қоғамдық бақылауды күшейту, азаматтарды шешім қабылдау процесіне тарту және кері байланыс тетіктерін дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар қоғамдық кеңестерді институционалды тұрғыдан жетілдірудің жолдарын, сондай-ақ олардың әділдікке, ашықтыққа және жауапкершілікке деген қоғамдық сұраныстың басты тасымалдаушысы ретіндегі орнын қарастырды.

Форум бағдарламасына кең ауқымды мәселелер қамтылды. Атап айтсақ, осал топтардың құқықтарын қорғау, инклюзивті ортаны дамыту, экологиялық бастамаларды ілгерілету, жастардың қоғамдық өмірге қатысуы және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы. Пленарлық отырыста азаматтық қоғам инфрақұрылымын нығайту, ҮЕҰ-ды қолдау, волонтёрлік қозғалысты дамыту, жастар секторының әлеуетін арттыру және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту мәселелері талқыланды.

Форум барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіруге бағытталған жүйелі шаралар қабылданып жатқанын атап өтіп, еліміздегі қоғамдық кеңестердің жетістіктері мен бастамаларына ерекше тоқталды.

Іс-шара аймақ әкімі атынан азаматтық сектордың белсенді өкілдеріне алғыс хаттар табыстаумен қорытындыланды. Бұл форум мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға, күш-жігерді біріктіруге және жаңа идеяларды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі