Минск қаласындағы (Беларусь Республикасы) Янка Купала атындағы Мемлекеттік әдеби музейінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының арнайы көрмесі ашылды.
Көрме ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Экспозицияда Абайдың түпнұсқа шығармалары, тұрмыстық заттары және ақынның рухани және шығармашылық мұрасына байланысты жәдігерлер қойылған.
Көрменің ашылуына Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Жақсылықов, Беларусь Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Дмитрий Шляхтин, сондай-ақ бірқатар мемлекеттердің елшілері мен қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында жазушы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын аударған Михаил Поздняков музейге арнайы беларусь тіліндегі нұсқасын
табыстады.
Бұл көрме Қазақстан мен Беларусь арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңызды оқиғасына айналып, ұлы ойшылдың рухани мұрасын насихаттауға және халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталды. Экспозиция бір ай бойы жұмыс істейді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі