Қазақстандық «Алтын адам» анимациялық фильмі Иорданияда өткен IV Халықаралық балалар кинофестивалінде көрермен көзайымы жүлдесін жеңіп алды.
Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Режиссерлері – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы, сценарий авторлары – Әннас Бағдат пен Ұларбек Нұрғалым.
Аталған фестиваль 15-21 тамыз аралығында Иорданияның Корольдік кинокомиссиясының ұйымдастыруымен, Жәлилә бинт Әли ханшайымның қолдауымен өтті. Байқау бағдарламасында Қазақстан, Қытай, Нидерланды, Латвия сынды елдерден келген балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік фильмдер көрсетілді.
«Алтын адам» фильмі отандық кинотеатрларда 5 маусымнан бастап прокатта болған. Туындыда Хан Тәңірі шыңына шыққан сақ жауынгерінің сапары баяндалады.
Картина батылдық пен ерлік, адалдық пен ар-намыс жайында. Жобаның басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді ізгілікке баулып, рухани құндылықтарды бойына сіңіру.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі