Қоғамдық кеңестер жұмысы қорытындыланды

Қоғамдық кеңестер жұмысы қорытындыланды

2025 жылғы 21 тамызда Астанада Қоғамдық кеңестердің Үйлестіру орталығының отырысы өтті. Жиында биылғы 7 айда жасалған жұмыс қорытындысы қаралды.

Бүгінде елімізде 263 қоғамдық кеңес жұмыс істейді, олардың құрамына шамамен 4000 белсенді азамат кіреді. 2025 жылы 80% қоғамдық кеңестің құрамы жаңартылды, яғни 211 ұжымның құрамы өзгерген.

Қоғамдық бақылау өкілеттіктерін жүзеге асыру шеңберінде азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты 1500-ден астам нормативтік құқықтық акт жобасы қаралды. 200-ден астам қоғамдық тыңдау өткізіліп, республикалық және жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдерінің 324 есебі тыңдалды.

Қоғамдық кеңестер мониторинг жұмыстарын да белсенді атқарды. Халықты толғандыратын мәселелер бойынша – қоғамдық көлік жағдайы, ауыз судың қолжетімді болуы, құбырлардың сапасы, тұрғын үй құрылысы, жер телімдерінің бөлінуі, жол жөндеу, мүлік иелері бірлестіктерінің қызметі, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының мониторингі жасалды. Жалпы 300-ден астам тексеру жүргізілді.

Экологиялық күн тәртібіне ерекше назар аударылды. Қоғамдық кеңес мүшелері «Таза Қазақстан» республикалық акциясына қолдау көрсетті. ҮЕҰ-мен бірлесе отырып, өңірлерде қоғамдық экологиялық бақылау жүргізілді. Туристік аймақтар мен тарихи-мәдени нысандарда 70-тен астам іс-шара өтті. Санитарлық жағдай, рұқсатсыз қоқыс орындарының болуы, абаттандыру, суару және көгалдандыру, жер қойнауын пайдалану мәселелері тексерілді.

Отырыс барысында Үйлестіру орталығының төрағасын сайлау мәселесі де қаралды. Дауыс беру нәтижесі бойынша Сәлімбай Шүнеев төрағалыққа лайықты деп танылды.

Қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара байланыс пен ашықтық орнатуға ықпал ететін тиімді құрал ретінде маңызды рөл атқаруды жалғастырады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі