Алматыда Конституцияның 30 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

Алматыда Конституцияның 30 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

2025 жылғы 19 тамызда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы аясында «Азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиын «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының бастамасымен, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өтті.

Дөңгелек үстелдің мақсаты — азаматтардың құқығын қорғау саласында мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың байланысын талқылау, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және заманауи құқықтық сын-қатерлерге жауап беретін практикалық ұсыныстар әзірлеу.

Іс-шараға Алматы қаласы, Жетісу және Алматы облыстарының құқық қорғау және сот органдарының өкілдері, полиция және әділет департаменттерінің қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ жиынға үкіметтік емес ұйымдар, адвокаттар, заңгерлер, волонтерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиын бағдарламасы келесі бөлімдерден тұрды:
- мемлекеттік органдар мен заңгерлік қауымдастық өкілдерінің қатысуымен панельдік сессия;
- ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы орынбасарының баяндамасы;
- ашық пікірталас пен сұрақ-жауап сессиясы;
- жобаның волонтерлеріне алғыс хаттарды табыстау рәсімі.

Дөңгелек үстел азаматтардың құқығын қорғау және құқықтық мәдениетті нығайту жолында мемлекеттік және қоғамдық институттардың күшін біріктіретін маңызды диалог алаңы болды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі