2025 жылғы 15 тамыз күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде орыс әдебиетінің классик жазушысы, философ әрі публицист Ф.М. Достаевскийдің өмірі және шығармашылығына арналған «Бұл көшелерде оның ізі қалған...» атты көрмесі өтті.
Көрменің негізгі мақсаты – XIX ғасыр дәуірін сипаттайтын әртүрлі музей экспонаттарын ұсыну және қазіргі уақытта қалада Ф. М. Достоевскийдің есімі мен мұрасын сақтау жолдарын көрсету.
Экспозиция Достоевскийдің Семей қаласында тұрған кезеңін (1854–1859 жж.) қамтиды. Келушілер XIX ғасырдың екінші жартысындағы провинцияның атмосферасын сезініп, сондай-ақ денсаулығына байланысты отставкаға кеткенге дейінгі жазушының қиындыққа толы әскери қызметі туралы біле алады.
Аталған іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылғы 24 сәуірде өткен ХХХIV сессиясында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Фёдор Достоевский – әлемге танымал ұлы жазушы, философ, публицист. Ол – адам жанын терең түсініп, рухани ізденістерді көркем бейнелеген көрнекті қаламгер. Қазақстан тарихында ерекше орны бар жазушының мол мұрасы мен өмір жолы ұрпақтан-ұрпаққа рухани азық болып қала берері анық.
Ф.М. Достаевскийге арналған экспозиция әлем әдебиетінің классигі мен оның қазақ жеріндегі тағдырына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Көрме 8 қыркүйекке дейін жалғасады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі