2025 жылы Қазақстан Республикасында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, кемеңгер Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы кең көлемде аталып өтіледі. Мерейтой аясында ел бойынша 5 000-нан астам іс-шара жоспарланған. Бұл туралы Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте баяндады.
Бекітілген кешенді жоспарға халықаралық және республикалық деңгейдегі 100-ден астам ауқымды іс-шара енген. Негізгі салтанатты іс-шаралар ақын туған өңірде – Абай облысында өтеді. Атап айтсақ, республикалық айтыс, халықаралық ақындар фестивалі, жыр мүшәйрасы, сондай-ақ спектакльдер мен концерттер ұйымдастырылады.
«Қазіргі кезде ұлы ақынның құрметіне республика бойынша керемет челлендж жүріп жатыр. Аталған челленджге еліміздің бірқатар белгілі мәдениет қайраткерлері мен барлық өңірлер белсеңді қатысып отырғанын байқап жатырмыз. Әрине, бұл ең бірінші Абай атамызға деген үлкен құрметті көрсетеді», – деді Ерлан Дәкенов.
Айта кетейік, мерейтой бір күнмен ғана шектелмейді. Түрлі іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасады. Басты назар ұлы ақынның мұрасын жас ұрпаққа насихаттауға бағытталады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі