Астанада Абай туралы жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті

Астанада Абай туралы жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Ұлттық академиялық кітапханасында «Абай жолы» кейіпкерлері және Абай», «Абай. Стихи и поэмы» атты жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.

Іс-шараға қоғам қайраткерлері, абайтанушылар, әдебиеттанушылар мен ақын-жазушылар қатысты.

Жазушы Алмахан Мұхаметқалиқызының «Абай жолы» кейіпкерлері және Абай» еңбегі романдағы кейіпкерлердің туыстық, тарихи, рулармен байланысын жүйелі түрде талдай отырып, көркем образдар мен тарихи тұлғалардың байланысын зерделейді. Кітап ұстаздар мен студенттерге және оқушыларға көмекші құрал ретінде ұсынылады.

Сонымен қатар ақын-аудармашы Орынбай Жанайдардың «Абай. Стихи и поэмы» жинағында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының таңдаулы өлеңдері мен поэмалары орыс тілінде ұсынылған. Басылым ұлы ақынның мұрасын көпшілікке насихаттауға бағытталған.

Аталған кітаптар мемлекеттік тапсырыс арқылы 3000 данамен жарық көрді және республикадағы кітапханаларға таратылады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі