ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы төрт жаңа анимациялық фильмнің өндірісін бастады. Жобалар балалар мен жасөспірімдерге арналған.
Анимациялық фильмдер отандық анимация саласын дамытуға, мәдени құндылықтарды насихаттауға және жас ұрпаққа арналған тәрбиелік, қызықты контент ұсынуға бағытталған.
Ұлттық кино орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалидің айтуынша, анимация – балалар мен жастардың дүниетанымын қалыптастыратын маңызды құрал. Ұлттық жобаларды қолдау арқылы мәдени мұраны сақтап қана қоймай, жаңа буын авторларына да жол ашатынын айтты.
Мемлекеттік қолдауға ие болған жобалардың бірі – «Команда А» атты шытырман оқиғалы анимациялық фильмі. Фильмде жасөспірім қыз ата-анасымен бірге ойын-сауық планетасына сапар шегіп, бөтенғаламшардағы күреске тап болады. Бұл – достық, отбасылық құндылықтар мен мейірімділікті дәріптейтін оқиға.
Бұдан бөлек «Бәйтерек туралы аңыз» атты дебюттік анимациялық фильмі де әзірленуде. Фильмде Қыран есімді жетім бала қасиетті ағаш – Бәйтеректі сақтау үшін сиқырлы рухтар әлеміне саяхат жасайды. Ол өзінің шығу тегін зерттеп, адамдар мен рухтар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысады.
Жаңа «Алан туралы аңыз» фильмі де өндіріске жіберілді. Бұл туындыда зұлым күштер шабуылдаған бейбіт қаланы қорғау үшін күрескен Алан есімді батырдың ерлігі баяндалады. Фильм әділет, батылдық пен адалдық секілді құндылықтарды насихаттайды.
Төртінші жоба – «Жібек» фильмі. Бұл фильм қазіргі Жібек жолының идеясынан шабыт алған. Нәресте кезінде айдаһар құтқарған Жібек есейіп, жоғалған керуенді іздеуге шығады. Ол туған даласына оралып, қыз баланың да батыр, көшбасшы бола алатынын дәлелдейді.
Аталмыш жобалар отандық анимация саласына жаңа серпін беріп, жас көрерменге сапалы әрі мазмұнды туындылар ұсынады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі